КІРІСПЕ

  

Ғылым мен техниканың қарыштап дамуы қазіргі замаңғы студенттердің математикалық біліміне жоғары талаптар қояды. Электрондық оқу құралы «Тиімдеу әдістері» курсының жалпы мағлұматтарын білуге арналған. Бұл пән бойынша алынған білім сызықтық емес және дөңес программалау есептерінің, бір және көп айнымалылы функцияларды тиімдестіру есептерінің, функциональдық кеңістіктердегі тиімдеу есептерінің компьютерде сандық шешімдерін табуда, сонымен бірге әртүрлі процесстерді тиімді басқару теориясын тереңдетіп оқу барысында негіз болып табылады.

Бір айнымалы функцияны тиімдестіру есебі тиімдеу есептерінің ең қарапайым түріне жатады. Сонда да, мұндай типтегі есептерді талдау тиімдестіруді зерттеу кезінде негіз болып табылады [1]-[8]. Әдетте мұндай есептер инженерлік тәжірибеде кездеседі. Сонымен бірге, , көпөлшемді есептерді тиімдестіру кезінде пайда болатын ішкі есептерді шешу үшін бірөлшемді функцияларды тиімдеу әдістері жиі кездеседі. Бір айнымалы есептерді шешудің көптеген әдістері бар. Мұндай есептерді шешу әдістерінің классификациясы f(x) функциясының қасиеттері мен түріне байланысты әртүрлі тұжырымдамалар мен жорамалдарға негізделеді.

Ұсынылып отырған электрондық оқу құралында бір және көп өлшемді функциялар үшін тиімдеу есептерін шешудің сандық әдістері, функционалдарды санау, тиімді басқару есептерін құру және оны шешудің сандық әдістері кеңінен ашылып жазылған. Дербес туындылы теңдеулермен сипатталатын, процесстерді тиімді басқару есептерін оқу, функционалдық кеңістіктегі тиімдестіру есебін шешу әдістерін оқу аталған есептерді компьютерде өзі шешуге мүмкіндік береді.

Пәнді оқу кезінде алынған білім студенттерге келесі пәндер бойынша есептерді шешу кезінде пайдалы болуы мүмкін: программалау тілдері, математикалық физика теңдеулерін шешудің сандық әдістері, тиімді басқару теориясы.

Материлдар келесі ретпен орналасқан. Әрбір тақырыптың басында негізгі теориялық мәліметтер (анықтамалар, теоремалар, формулалар) келтірілген және студенттердің жана түсініктерді қабылдау жеңіл болу үшін мысалдар мен түсініктемелер қарастырылған. Сонымен бірге, мүмкін болатын математикалық түсініктердің геометриялық интерпретациясы мен қолданылу көрсетілген.

Аталмыш электрондық оқу құралы жаратылыстану – техникалық бағыттағы оқу орындарының студенттеріне арналған.